Қымбат алкоголь және бірнеше пәтер: байлық салығын кімдер төлейді
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров байлық салығы қалай есептелетінін және оны кімдер төлейтінін айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.Министрліктің жоспары бойынша байлық салығы жаңа Салық кодексі аясында 2025 жылы енгізіледі. Қазір жан-жақты талқылау жүріп жатыр. Оның айтуынша, қымбат автокөлік, ұшақ, яхталары бар қазақстандықтарға байлық салығы салынады.»Байлық салығы қымбат алкогольге де салынады. Мысалы 50 жыл сақталған, жеті миллион теңге тұратын Macallan-ды (виски) алайық. Қазір оның акцизі 700 теңге. Біз оны 1000 есе ұлғайтамыз, шамамен құнының 10 процентін қосамыз. Байлық салығы халықтың белгілі бір тобына ғана қатысты болады», — деді Қуантыров үкіметте өткен брифингте.Сондай-ақ, министрдің айтуынша, ұшақтарды тіркеу мөлшері де бірнеше есе көтеріледі. Қазір бір ұшақты тіркеу 13-15 мың теңге.Бұған қоса Қуантыров 10 және одан көп пәтері барлар байлық салығын қалай төлейтінін түсіндірді.»Егер адамның орташа есеппен аумағы 50 шаршы метр 10 пәтері болса, ол жылына әрбір пәтерге 10 мың теңге салық төлейді. Әрбір нысан жеке есептеледі. Сонда барлығын қосқанда 100 мың теңге шығып тұр. Қазір біздің әдісіміз мынадай – барлық нысанды қосып есептеу, сонда нысандардың құны жоғарылаған сайын, салық та соғұрлым жоғары болады. Егер біз осы 10 нысанды қоссақ, жалпы құны 100 млн теңгеден асады. Тиісінше салық та көп болады – 400 мың теңге, яғни төрт есе ұлғаяды, меніңше, бұл әділетті», — дейді министр.