Түркия жыл соңына дейін «Аккую» АЭС-ін іске қосады
Түркияның оңтүстігіндегі алғашқы «Аккую» атом электр станциясы ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылады. Бұл туралы Kazinform агенттігінің Анкарадағы меншікті тілшісі хабарлайды.
Түркияның оңтүстігінде орналасқан алғашқы «Аккую» атом электр станциясының құрылысы соңғы кезеңге шығып отыр. Станцияның ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосылуы күтілуде.
Жоба Жерорта теңізі жағалауында жүзеге асырылуда және Түркияның энергетикалық инфрақұрылымын дамытуда маңызды қадам болады. Станция ресейлік дизайндағы төрт энергоблокты қамтиды.
Толық қуатқа шыққаннан кейін «Аккую» АЭС-і Түркияның электр энергиясына қажеттілігінің шамамен 10% қамтамасыз ете алады. Бұл елдің энергия тасымалдаушылар импортына тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді.
Станцияның іске қосылуы Түркияның көмірқышқыл газы шығарындыларын қысқарту жөніндегі міндеттемелерін орындауға да ықпал етеді, өйткені атом энергетикасы төмен көміртекті көз болып саналады.
