Азия ойындарының үшінші алтыны: қазақстандық мергендер аралас жұптық сында жеңіске жетті
Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко жұбы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан ХІХ жазғы Азия ойындарында алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Туризм және спорт министрлігі. Ұлттық құрама спортшылары аралас жұптық сынның финалында кувейттік мергендер – Эман Әлшамаа мен Абдулла Әл-Рашидиден басым түсті. Қатар құрамасы Бахрейннен басым түсіп, қола медаль алды. Екінші қола Қытай спортшыларына бұйырды. Сәл ертеректе Әсем мен Эдуард іріктеуде 148 ұпай жинап, 2-орынмен ақтық сынға жолдама алған. Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко осыған дейінгі бірқатар халықаралық бәсекеде бірге сәтті өнер көрсетіп, елімізге тарихи жүлде сыйлап үлгерді. Атап айтар болсақ, биыл мамырда Алматыда өткен рейтингтік Әлем кубогында олар күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ жазда Италиядағы Әлем кубогында аралас жұптар арасында 3-орын алған. Ал былтыр қазан айында Хорватияның Осиек қаласындағы әлем чемпионатында Әсем Орынбай мен Эдуард Ещенко скит бағдарламасында қола жүлдеге қол жеткізген. Бұл — Қазақстан үшін осы спорт түріндегі алғашқы медалі.