Жалған техникалық байқау үшін айыппұл мөлшері 517 мың теңгеге дейін өседі
Қазақстанда техникалық байқау операторларына жалған техникалық байқау өткізгені үшін салынатын айыппұл мөлшерін 15 есе ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл туралы көлік министрінің міндетін атқарушы – азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.Оның айтуынша, уәкілетті орган жалған техникалық байқаулардың күшін жою бойынша заңнамалық тетік әзірледі.»Автомобильдердің жай-күйін назарға ала отырып, техникалық байқау операторларына көліксіз техникалық байқау жүргізгені үшін салынатын айыппұл мөлшерін 10-нан 150 АЕК-ке дейін (517 500 теңге) ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Сондай-ақ көлік иелеріне жалған техникалық байқаудан өткені үшін және операторға техникалық байқауды ұйымдастыру әрі өткізу қағидаларын бұзғаны үшін айыппұлдар енгізіледі. Айыппұл мөлшері тиісінше 5 және 150 АЕК болады», — деді Ластаев үкімет отырысында.Ол жыл басынан бері Қазақстанда техникалық байқаудан өткізетін 350 оператордың қызметі тоқтатылып, айыппұл салумен 131 әкімшілік материал рәсімделгенін атап өтті.