Президент Орталық Азия елдерін күш-жігерді біріктіруге шақырды
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты Орталық Азия мемлекеттерінің күш-жігерін біріктіру маңызды деп санайды.»Геосаяси шиеленістің күшеюіне байланысты бізге өңірдің тұрақтылығын, қауіпсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін күш-жігерімізді біріктіру аса маңызды. XXI ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартта аталған игі міндеттерді орындаудың өзара оңтайлы формуласы бекітілген деп ойлаймын», — деп мәлімдеді ол Душанбеде Орталық Азия мемлекеттері басшыларының V Консультативтік кездесуінде.Президенттің айтуынша, бүгінде басты міндет – осы құжаттың тезірек күшіне енуін қамтамасыз ету.»Бұл Шарт мемлекеттеріміздің кемеліне келгеніне және өз аймағымыздың тағдырын дербес анықтауға дайын екеніне айқын саяси дәлел болады», — деді мемлекет басшысы.Тоқаев соңғы жылдары «Орталық Азия +» форматы аясындағы ынтымақтастық айтарлықтай жандана түскенін, осы формат барынша тиімді болуы үшін «ұлттық мүдделерді ескере отырып, олардың сапалы мазмұнын бірлесе байыта түсу қажет екенін атап өтті.»Біздің ойымызша, ортақ немесе барынша ұқсас ұстанымға келіп, әлемдік қоғамдастыққа ынтымағымыз бен бірлігімізді көрсету маңызды», — деп санайды Тоқаев.Сондай-ақ ол 2024 жылы Қазақстанда Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты өткізуді ұсынды.»Әлемдегі тәртіп тез өзгеріп, біздің өңірдің тұрақтылығын бұзуға талпыныстар жасалып жатқан жағдайда елдеріміздің қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимыл тетіктерін жетілдірудің маңызы арта түсті. Құрметті президенттер, аталған маңызды салада тұрақты консультациялар механизмін іске қосу жөніндегі Қазақстанның бастамасына қолдау білдіргендеріңіз үшін сіздерге алғыс айтамын. Нақты алдын алу шараларын әзірлеу үшін қауіпсіздік кеңестерінің хатшылары деңгейінде Орталық Азиядағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі диалогты келесі жылы Қазақстанда өткізуді ұсынамын», — деп түйіндеді сөзін Тоқаев.