Соғыста қаза тапқан қазақстандықтың сүйегі отанына жеткізіледі
Мәскеуде Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде соғыс жылдары қаза тапқан қазақстандық солдаттың сүйегін табыстау өтті.
© Photo : сайт посольства Казахстана в РФСоғыс жылдары қаза тапқан қазақстандықтың сүйегі отанына жеткізіледіСоғыс жылдары қаза тапқан қазақстандықтың сүйегі отанына жеткізіледі© Photo : сайт посольства Казахстана в РФ
Сарбаздың мәйітін 2019 жылы Смоленск облысы Тёмкин ауданының аумағынан ресейлік «Кобальт» іздеу отрядының жауынгерлері тапқан болатын. Оның жеке деректері қасында сақталған жауынгер медальонынан анықталды – Өмірзақ Қазанғапов, 1904 жылы Шығыс Қазақстан облысында туған.
«РФ қорғаныс министрлігінің мұрағаттық ақпарына сәйкес, ол 1942 жылы 14 тамызда 120-шы жеке атқыштар бригадасының құрамында Ржев-Сычевка шабуыл операциясының барысында мерт болған», — деп хабарлады Қазақстан елшілігінің баспасөз қызметі.
Деректер сәйкестендірілгеннен кейін «Кобальт» іздеу отрядының командирі Иван Зобнин өзінің қазақстандық серіктесі – павлодарлық «Майдан Жолы» іздеу отрядының командирі Александр Шитовпен байланысқан. Оның көмегімен Өмірзақ Қазанғаповтың туыстары табылды. Енді елшіліктің жәрдемімен жауынгердің сүйегін отанына жеткізіп, құрметпен қайта жерлеу жоспарланып отыр.