Тараздық ардагер соғыста өзі құтқарған баланы іздеп жүр
Таразда жуырда ғана 97 жасқа толған ардагер Махмұт Бисимбаев сұрапыл соғыста өзі құтқарған баланы іздеп жүр. Арада жетпіс жыл уақыт өтсе де, қария үмітін үзбейді, деп хабарлайды «Алматы» телеарнасы.
Махмұт Бисимбаевтың айтуынша, 1941 жылы жау әскері Сталинград түбін бомбалаған кезде, ол үсті-басы қан болып жатқан баланы тауып алған. Сәбидің анасы көз жұмыпты.
«8-9 айға келіп қалған бала, бәрі қан. Қасына барып қарасам, анасы жатыр екен…. Сөйтіп баланы шомылдырдым, киімін кигіздім. Қалай тастаймын? Алып шықтым көтеріп. Солдаттың бәрі жиналып қалыпты. Бәрі күліп жатыр, тығылам деп отырып, бала тауып алды деп! Сөйтіп тапсырдым, Бисимбаев Бақыт деп ат қойып кеттім», — деп әңгімеледі Махмұт Бисимбаев.
Ардагер баланы санитарлық батальонға тапсырған. Арада ұзақ жылдар өтсе де, қария үмітін үзбейді. Ел тыныштығын тілеген қарияның бір тілегі сол сәбимен көзі тірісінде көрісу.
Тараз жастары биыл ардагерлерді ерекше құттықтауға тырысты. Ұйымдастырушылар Ұлы жеңістің 75 жылдығы қарсаңында автокран арқылы көпқабатты үйде тұратын батырлардың балконына көтеріліп, гүл шоғын сыйлады.