Американдықтар Қазақстанның екі жаңа кен орнын игеруге $2 млрд-қа дейін салады
Американдық Cove Capital компаниясы Солтүстік Қатпар вольфрам кен орнын және Қазақстандағы тағы бір кен орнын игеруге $2 млрд-қа дейін инвестиция салуды жоспарлап отыр. Жобаның практикалық кезеңі басталды.
28 тамызда Қарағанды облысы Шет ауданындағы Солтүстік Қатпар вольфрам кен орнында болашақ өндірісті ұйымдастыру жөніндегі жобаның практикалық кезеңінің басталуына арналған салтанатты рәсім өтті.
Қазіргі уақытта Cove Kaz Capital Group-ке (американдық Cove Capital құрамына кіреді) және «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясына («Самұрық-Қазынаның» еншілес компаниясы) тиесілі «Солтүстік Қатпар» компаниясы кен орнын қосымша барлауды жүргізіп, түпкілікті техникалық-экономикалық негіздемені ұсынады.
Мәлімдемеге сәйкес, екі кен орнын игеруге салынатын инвестициялардың жалпы көлемі $2 млрд-қа жетуі мүмкін. Жоба жаңа жұмыс орындарын құруды және өңір инфрақұрылымын дамытуды көздейді.
Екінші кен орны бойынша мәліметтер әзірге ашылмай отыр. Қосымша барлау аяқталғаннан кейін іске асырудың егжей-тегжейлі жоспары ұсынылады деп күтілуде.
